ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі жүк көлігінің арасына қыстырылып қалған жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 18 қараша күні сағат 01.00 шамасында «Құс фабрикасы» шағынауданындағы «Алатау» кемпингі тұсында болды.
Түркістан облысының 34 жастағы тумасы өзінің жүк көлігінің артқы шамдарын сүртіп, қарап жатқан кезде көлік жылжып кеткен. Сөйтіп оны келесі жүк көлігіне қысып тастаған.
Қазіргі уақытта бұл дерек оқыс жағдай ретінде тіркеліп отыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 01.00-де шақырылды. Ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол апатынан 10 жасар баланың қаза тапқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).