ОРАЛ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда экологиялық бағыттағы бірлестіктердің жұмысын ширатуға арналған семинар өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Экожиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов облыста осы бағытта бірқатар шаралардың атқарылып жатқанын, үкіметтік емес ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсене араласып отырғанын атап өтті.
Қазіргі кезде қазақстандық-чехиялық экологиялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың бір-бірімен тіл табыса жұмыс жасауы көзделуде. Семинарда сөз сөйлеген Чехия Республикасынан келген сарапшы Павел Чинчера аталмыш шараның мақсаты үкіметтік емес ұйымдардың қажетті ақпараттар ала біліп, экологиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға нақты қатысуын қамтамасыз етуге ықпал жасау екенін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).