Оралда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған волейбол турнирі мәреге жетті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған волейболдан БҚО әкімі аппараты мен облыстық басқармалар қызметкерлері арасында турнир мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың ашылу рәсімінде облыстық мәслихат хатшысы, өзі де «Денсаулық» клубының құрамында волейбол ойнайтын Мәлік Құлшар Елбасы тапсырмасына сәйкес қалың бұқараны спортқа тарту, саламатты өмір салтын орнықтыру мақсатында мұндай жарыстардың мәні зор екендігін атап өтті. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілер дене шынықтырумен тұрақты шұғылданып, өзгелерге үлгі көрсете білуі тиіс.

 Барлығы 13 команда бақ сынаған турнир қорытындысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы (басшысы Тимур Шаяхметов) жеңімпаз атанды. БҚО әкімі аппараты екінші, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлер БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының кубок, медальдарымен, дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ Мөлдір Әсетова (БҚО әкімі аппараты) «Үздік байланыстырушы», Самал Карменова (кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы) «Үздік қорғаушы», Ақжан Ишанов (дене шынықтыру және спорт басқармасы) «Үздік шабуылшы», ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков «Турнир ақсақалы» атанды.