Еңбек ұжымы алдында облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың атап өткеніндей, саяси реформа бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отыр. Сондықтан әр азаматтың өз пікірін еркін білдіріп, нақты ұсыныс енгізуіне мүмкіндігі бар. Қазақстан Президентінің жаңа бастамасы мемлекет пен халықтың мақсат-мүддесіне толық сай келеді.
Кездесуде сөз алған облыстық мәслихат депутаты, аталмыш кәсіпорын директорының орынбасары Темірғали Ескендіровтің айтуынша, бұл реформа мемлекеттік басқару жүйесін тиімді ете түсіп, барлық билік тармақтарының жауапкершілігін күшейтеді. Ең бастысы, өмірдің барлық саласында ілгерілеу болса, одан барша халық ұтары анық.
Айта кетейік, «Агропродукт ЛТД» ЖШС еліміз бойынша ет өңдеу саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Оның сауда белгілері Ресейде де кеңінен танымал. Компания қазіргі заманғы технология негізінде өз өндірісін кеңейтпек ниетте.
«Биыл кәсіпорын жүзеге асыратын жаңа жобалардың бірі - Зеленов ауданы Переметный ауылдық округінде салынып жатқан, жылына 6 мың тонна құс етін (бройлер) өндіретін фабрика құрылысы. Қазіргі кезде жоба 40 пайызға еңсерілген. Жыл аяғына қарай фабриканы іске қосу көзделуде», деді кәсіпорын директорының орынбасары Асан Сұлтанғалиев.