Оралда елге еңбегі сіңген екі бірдей ардагерге құрмет көрсетілді

None
ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - БҚО әкімдігінде 19 наурыз күні елге еңбегі сіңген екі бірдей ардагерге құрмет көрсетілді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов еңбек ардагері Гүлжу Мәжитованы 75 жасқа толуына орай қабылдап, мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Бөкей ордасында дүниеге келген Гүлжу Мәжитова еңбек жолын зоотехник болып бастап, 1974-1989 жылдары Жымпиты, Камен (қазіргі Сырым, Тасқала) аудандарында басшылық қызметтер атқарды. Әсіресе, Каменде шаруашылық басқарып, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Зейнетке шығар алдында облыстық мұрағат және құжаттама басқармасына басшылық еткен ол «Халықтар достығы» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Осы күні 63 жасқа толған кино және театр майталманы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратовты облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен құттықтап, оның әлі де жемісті қызмет ететініне сенім білдірді.

Қазталов ауданында өмір есігін ашқан С.Қажымұратов Алматы мемлекеттік өнер институтын бітіргеннен кейін 25 жыл бойы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында еңбек етті. Сонда жүріп көптеген рольдерді сәтті сомдады. Оннан астам киноға түскен әртіс, әсіресе, 1986 жылы жарыққа шыққан «Күзет бастығы» фильміндегі Құрымбай бейнесімен есте қалды. Сол жылы С.Жүнісовтің «Өліара» туындысы бойынша қойылған спектакльде Жақай Тайшиевтің ролін табысты орындағаны үшін оған Мемлекеттік сыйлық берілді.

1997 жылы елге оралып, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп жүрген кәнігі сахна шебері әртістікпен қатар режиссерлік жүкті де қатар көтеріп келеді. Алдағы уақытта Орал сахнасында жаңа туындысымен көрінбек ниетте.