Оралда емхана алдындағы ескі сквер жойылып кете ме – әкімдік жауабы

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы орталығында орналасқан № 1 емхана алдындағы ескі сквердің жойылу қаупі бар.

Фото: видеодан алынған скрин

«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевтің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшада мәлім еткеніндей, облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталмыш емхананы соның алдындағы шағын сквер есебінен қайта құруды жоспарлаған.

Оның сөзіне қарағанда, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту керек, бірақ қоғамдық скверді жою есебінен емес.

— Қалалық сәулет бөлімінің келісім бергені таңдандырады. Сондай-ақ Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абылай Нұрмақов экология белсенділерімен ақылдаспастан, көпжылдық шырша мен қарағайларды кесуге қалайша рұқсат береді? Жалпы, қалада ескі саябақтарды сақтап қалу мәселесі өткір тұр. Соңғы 20 жыл ішінде Орал шаһары бірнеше саябақтан айырылды. Атап айтқанда, Д. Фурманов бағы орнында «Атриум» сауда орталығы, орталық базар маңында сондай жерде банк пен газ компаниясының ғимараты, «Зиг-заг» ауданында коммерциялық дүкендер, «Әлем Плаза» сауда орталығы жанында көпқабатты үй мен гүлдер дүкені салынды. Егер мұны тоқтатпасақ, № 36 орта мектепте болған жағдай қайталанады -, деді Д. Сариев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ағаштардың орынсыз кесілетінін айтқан оралдық экологтың көгалдандыру мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.