Оралда «Ең үздік арнайы педагог» анықталды

None
ОРАЛ. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты кешенінде «Ең үздік арнайы педагог» атты облыстық байқау мәреге жетті.

Білім беру жүйесіндегі инновацияларды дамыту, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, кәсіптік біліктілігін көрсете алатын заманауи логопед және дефектолог педагогтарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында өткізілген байқауға аудандық (қалалық) жалпы білім беретін орта мектептер мен облыстық арнаулы мектеп-интернаттардың 16 арнайы педагогы қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті.

Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты дефектологы Рауила Мустафина ең үздік дефектолог болып, ал Ақсай қаласындағы №4 орта мектеп логопеды Айман Құсманова үздік логопед болып танылды. Шараның қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.