ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында ер адам балалардың көзінше итті пышақтап өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Instagram әлеуметтік желісінде жануарларды қорғау жөніндегі Inucobo қауымдастығы мәлім еткеніндей, ер адам пышақпен қалада еркін серуендеп жүрген.
«Бәрі балалардың көзінше болды. Волонтерлар шағым түсірді, бірақ олар полиция қызметкерлерінің істі жан-жақты қарағысы келмеуіне наразы», делінген жазбада.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның 5 тамызға қараған түні сағат 00.30-да Гагарин көшесі 36/2-мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің ауласында болғанын жеткізді.
«Ер адам итті пышақтап өлтірген. Қабылданған шаралар нәтижесінде күдікті анықталды. Орал қаласы полиция басқармасы ҚР ҚК 316-бабына (жануарларға қатыгездiкпен қарау) сәйкес тергеу амалдарын жүргізуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында үш адамның суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).