ОРАЛ. ҚазАқпарат - 10 мамыр күні кешкілік Орал қаласындағы «Құрылысшы» шағынауданында көпқабатты үйлердің бірінде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем сағат 20.24-те шақырылып, олар үш минуттан кейін жеткен.
«Оқ тиген 60 жастағы әйел жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Ішінен оқ тиген 1951 жылғы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Оған түнде ота жасалды. Ота алты сағатқа созылды. Жағдайы ауыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.
Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, жас адам енесін атып өлтірген. Қайын атасына да оқ тиген.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).