Оралда ер адам есірткімен қолға түсті

Фото: БҚО полиция департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласында жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1974 жылы туған ер адамды ұстады.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оның тұрғылықты жерін тінту барысында өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған зип-пакеттер табылып, тәркіленді. 

– Қазіргі кезде аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады ведомстводан. 

Департамент мәліметіне қарағанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту не өткізу мүлкі тәркілене отырып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктінің Оралда ұсталғанын жазған болатынбыз.