ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ер адам газдан уланып, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 қараша күні «Зенит» бау-бақша серіктестігінде болды.
Сағат 10.00-де 62 жастағы ер адамның газдан уланып, қаза болғаны тіркелген. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ.
Бұл оқиға бойынша Абай полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, 1957 жылғы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.
Орта дәрежелі газдан уланған 1996 және 1995 жылғы жігіттер қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрт орнынан 95 жастағы кейуананың мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).