Оралда ер адам көшеде өзіне-өзі пышақ жұмсамақ болған
Орал қаласында ер адам көшеде өзіне-өзі пышақ жұмсамақ болған. Оны полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 28 қыркүйек күні шаһар орталығында болды.
"Н.Назарбаев даңғылы бойында "Юбилейный" аялдамасында белгісіз ер адамның тамағына пышақ тақап, өзіне-өзі қол жұмсамақшы болғаны жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының экипажы жедел жеткен. Тәртіп сақшыларының бірі, полиция кіші лейтенанты Жасұлан Балмағамбетов ер адамды сөзге тартып, көңілін аулаған. Тағы бір полиция кіші лейтенанты Мұхаммадрасул Рашидов артынан келіп, суық қаруды тартып алып, жерге құлатады. Тексеру кезінде ұсталған азаматтың Орал қаласының 39 жастағы тұрғыны екені, біраз уақыттан бері созылмалы дертпен есепте тұрғаны анықталды. Оқиға орнынан алынған пышақ тәркіленді. Түсініктеме берген тұрғын аурудан шаршағандықтан, осындай қадамға еріксіз барғанын айтты. Қазіргі кезде ол Орал қаласының уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды", деп хабарлады ведомстводан.
Аталған оқиғаны куәгерлер бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып үлгерген. Бейнетүсірілім көптеген қаралым жинап, қолданушыларға полиция қызметкерлерінің әрекетіне оң пікір білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласының тұрғыны үш күнде жол ережесін 23 рет бұзғанын жазған болатынбыз.