Оралда «Ер – елдің қорғаны» атты мерекелік іс-шара өтті
Салтанатты жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев әскери қызметшілерді, барша өңір жұртшылығын Отан қорғаушы күнімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауы арқасында Қарулы Күштеріміздің айбары асып, айбыны асқақтай түсті. Бүгінде олар тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, ел еңсесін көтеруге бар күш-жігерін жұмсауда. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген тәмсіл бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын әрқашан жоғары қойды. Отан үшін оққа кеудесін тосқан бабаларымыздың көзсіз ерлігін естен шығармай, бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету – біздің перзенттік парызымыз», деген өңір басшысы туған жері мен Отанын қорғау – батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес өсиеті, қасиетті дәстүрі екендігін атап көрсетті.
Іс-шара барысында облыс әкімі өз саласында мінсіз қызмет атқарып, қатарының алды болып жүрген қызметкерлерді марапаттады.
Концертте «Ер – елдің қорғаны» атты композициялық шағын қойылым көрсетіліп, патриоттық тақырыпта әндер шырқалып, би биленді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Жеңіс күніне орай 5 мыңнан астам адамға материалдық көмек көрсетілгенін жазған болатынбыз.