Оралда ерекше мұқтаж адамдарға арналған үй құрылысы басталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қаласында ерекше мұқтаж адамдарға арналған үй құрылысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осыған орай құрылыс орнында меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері қол қойған естелік капсуласын салу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов бұл жобаның Алғыс айту және Ассамблея күнінде басталып отырғанын жеткізді.

«Өңірде сал ауруына шалдыққан 2 мыңнан астам бала бар. Соның ішінде ерекше көмекті қажетсінетін 500-дей адам болса, соның көбі - жастар. Естелік капсуласын салу рәсімін 1 наурыз күні өткізуіміз тегін емес. Бұл қос  бірдей мерекемізбен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның бәрі - Мемлекет басшысы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың, ел бірлігінің жемісі. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсынысымен қолға алынған осынау маңызды жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында меценаттардың қолдауымен жүзеге асқалы отыр. Сондықтан Алғыс айту күнінде, әсіресе, осы үйді тұрғызуға қолұшын беремін деген азаматтардың бәріне, құрылысшыларға, кәсіпкерлер мен депутаттарға, «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне ризашылығымды білдіремін», деді өңір басшысы.



 

Аталмыш нысан толықтай меценаттардың қаржысына салынбақ. Жоба құны - 100 млн теңге.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сауықтыру, бейімдеу үйі 50 адамға есептелген. Төрт бөліктің әрқайсысында 13 адамға дейін тұра алады, олар үшін барлық қолайлы жағдай жасалады.

 

Қос қабатты үйді алдағы жылдың маусым айында пайдалануға беру көзделуде.