Оралда еріген қар суына байланысты тұрғындардан өтініш көбейе түскен
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында еріген қар суы тұрғындарды алаңдатып отыр. Тұрғындар әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбаларында аула-көшелерді су басқанын айтып, дабыл қағып жатыр.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
Орал қаласында «Құс фабрикасы» аталып кеткен «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде ата-аналар су жолдың үстімен ағып жатқандықтан, мектепке тасымалдайтын автобусқа бастауыш сынып оқушыларын жеткізу мүмкін еместігін хабарлаған.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, 8 наурыздан бері тұрғындардан 266 өтініш түскен. Соның ішінде бүгін таңнан бері қабылданған 87 өтініш бойынша су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/ Kazinform
Қарғын басталғаннан бері облыс орталығында 46 мыңнан астам текше метр су сорылған.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/ Kazinform
Қалаға қарасты Зачаган кентінде Орал-Саратов трассасы жанындағы арна арқылы су қатты ағып жатыр. Еріген қар суын кедергісіз өткізу, арнадан асып кетуін болдырмау мақсатында 13 наурыз күні мұнда ТЖМ қызметкерлері жұмыс істеді.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/ Kazinform
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы тұстан 5 мың текше метрдей су сорылып, айдалды. Жағдай бақылануда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Деркөл өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте 130 сантиметрге көтерілгенін жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).