Оралда есін жоғалтып алған жасөспірім табылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда із-түзсіз жоғалған 14 жастағы жасөспірім табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 маусым күні болған.

Есін жоғалтып алатын сырқатқа шалдыққан жасөспірім күндіз үйінен шығып кетіп, адасып кеткен. Туысқандары бірнеше сағат бойы іздеумен айналысып, түн ортасына қарай Ұлттық ұлан жауынгерлерінің көмегіне жүгінген.

Баланың ерекше белгілері рация бойынша барлық топтарға берілген. Жарты сағаттан кейін құрамында қатардағы жауынгерлер Эльдар Фазылов, Жақсылық Кәрім және Азамат Байзақ бар топ 4-шағынауданда жол шетінде жан-жағына қарап, не істерін білмей тұрған жасөспірімді көрген.

Жасөспірім жадын жоғалтып алуына байланысты туысқандарымен байланысып, өзінің қай жерде екендігін хабарлай алмағаны анықталды.

Баланың анасы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жедел де кәсіби әрекеттері үшін алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерлерінің тапаншамен жүрген жасөспірімді ұстағанын жазған болатынбыз.