Оралда есірткі тұтынушылардың ресми есебінде 1600 адам тұр
Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Есірткісіз-болашақ» іс-шарасы аясында өткен басқосуда айтылды.
Облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Клара Қадырғалиеваның айтуынша, Қазақстан қазір есірткі тұтынудан ТМД елдері арасында үшінші-төртінші орынды иеленіп отыр. Бұл қасіреттен Ақ Жайық өңірі де ада емес. Орал қаласының өзінде де есірткіге құныққандар жылдан-жылға көбеймесе, азаймауда. Жасөспірім жастар, жігіттер мен қыздар арасында есірткіге елітушілік маскүнемдік, темекі тарту және насыбай ату, токсикоманиямен қатар жүруде.
«Өңірімізге әкелінетін зиянды өнімнің 80 пайызы Ауғанстаннан тасылады. Әлемдегі есірткінің басым көпшілігі Ауғанстан, Пәкістан, Лаос, Боливия, Қытай және өзге елдерде өсіріледі. Тасылу жолдары да түрліше. Мәселен, Бейнеу-Атырау-Орал, Ауғанстан-Өзбекстан, Шымкент, Ақтөбе-Орал бағыттары бойынша. Басқалары да бар. Қазір Орал қаласында 1600 адам есірткі тұтынушы ретінде ресми есепте тұр. Іс жүзінде олардың саны бұдан 3-4 есе көп. Өткен жылы бір халықаралық есірткі тасымалының жолы кесіліп, қаскүнемдер әшкереленді. 2012 жылы екі адам аса ірі есірткі тасымалына қатысты болғаны үшін ұсталып, ісі тергелуде. Зымияндығы сол - алыстан есірткі тасымалымен айналысатындардың өздері оны тұтынбайды, тек пайда табу үшін қолданады. Есесіне өзгелерді улайды. Оралға синтетикалық есірткі Ресейден әкелініп, қаланың кейбір түнгі клубтарында таратылады», - деді ҰҚК облыстық департаменті халықаралық заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес бөлімінің қызметкері Мейірбан Шоқанаев.