Оралда есірткіден уланып қайтқан ер адамның мүрдесі табылды
12:51, 31 Тамыз 2010
ОРАЛ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Тамыздың 24-інде «Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасы кезінде Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесіндегі үйдің ауласынан отыз жасар ер адамның мүрдесі табылды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, сот-медицина сараптамасына сәйкес ол есірткі затынан уланған. Оның күртесінің оң жақ қалтасынан сараптама қорытындысына сәйкес 2,5 грамм героин табылды.
Сол күні Ғ.Құрманғалиев пен Придорожная көшелерінің қиылысында департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлері 33 жасар азамат айдап келе жатқан «ВАЗ-2107» автокөлігін тоқтатты. Автокөлік салонынан 2 килә 699 грамм марихуана және 16 калибрлі шолақ аңшы мылтығы алынып, тәркіленді.
Сондай-ақ тамыздың 28-інде бұрын сотталған 1981 жылғы П. деген азаматтың үйінен сату мақсатында сақталған кептірілмеген 28 килә марихуана табылды.