Еврейлердің дәстүрлі мейрамымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Елбасы саясаты арқасында Қазақстанда сан ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, ел бірлігі мен ұлтаралық келісімді сақтай білуіміз қажет. Осындай шараларға қатыса отырып, бір-біріміздің салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді тани түсеміз. РФ-ның Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев та ізгі тілегін жеткізді. «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Дергачеваның айтуынша, еврей халқы жыл сайын осылайша жаңа жылды атап өтеді. Биылғы 13 қыркүйекте оларша 5776 жыл есік қақты. Рош-а-Шана иврит тілінен аударғанда, «жыл басы» дегенді білдіреді. Жастар шығармашылығы орталығының фойесінде еврей халқының дәстүрі, мәдениеті, Орал өңірінде тұратын түрлі ұлттар өкілдерінің өмірі мен еңбегі жөнінде кітап көрмесі, фотосуретші Оксана Каткованың этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігін көрсететін фотокөрмесі қойылды. Жиналғандар үшін арнайы концерт қойылып, әр тілде әндер шырқалды. Би ұжымдары еврей және қазіргі заманғы билерді орындады. Сондай-ақ меймандар еврейлердің ұлттық тағамдарынан дәм татты. Еске сала кетейік, Оралда бұған дейін неміс, украин, татар этномәдени бірлестіктері де өз ұлттық мейрамдарын ұйымдастырған болатын.
17:13, 21 Қыркүйек 2015
Оралда еврей этномәдени бірлестігі жаңажылдық мерекесін атап өтті (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Жастар шығармашылығы орталығында ҚХА жылы аясында «Ламед» еврей этномәдени бірлестігі Рош-а-Шана жаңа жылын атап өтті.