Оралда фитосанитарияның 10 жылдығы тойланды
Өсімдіктерге зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің дамуы мен таралуына мониторингті жүзеге асыратын және карантиндік нысандардың таралуын анықтайтын, таралу шекараларын айқындауға қызмет ететін бұл мекеменің тарихы мен жетістіктері, алдағы міндеттері жайында аталмыш филиалдың директоры Алтай Алдабергенов баян етті және әріптестерін, сала ардагерлерін айтулы мерейтоймен құттықтады.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің атап өткеніндей, ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тер төгіп, жетістіктерге жетіп келеді. Мал және егін шаруашылығында еңбек етіп жүрген серіктестіктер мен шаруашылықтардың қол жеткізген табыстарында фитосанитария мамандарының да үлестері бар. Биыл облыс бойынша орташа есеппен гектарына 6,5 центнерден астық, 150 центнерден картоп, көкөніс өнімдері алынып, қажетті тұқым мен астық жеткілікті дайындалды.
Бұдан кейін өсімдік қорғау қызметі мамандарын «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ-ның директоры Мұқтар Әлиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин құттықтады. Жиында бірқатар мамандар ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтарының салалық «Еңбек даңқы» белгісімен, салалық басшылықтың, облыс әкімдігінің алғысхаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.