ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда газ ауа қоспасы жарылып, ер адам күйік жарақатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 қараша күні сағат 05.58-де «Жаңа орда» шағынауданындағы 5 қабатты үйде болды.
Төртінші қабаттағы пәтерде газ ауа қоспасы жарылып, 1994 жылғы ер адам күйік жарақатын алды. Ол қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
«Аталған тұрғын мойнынан, қолынан, кеудесінен 30-31 пайыз көлемде үшінші дәрежелі күйік жарақатын алған. Ол анасымен бірге пәтер жалдап тұрған. Оқиға болған кезде анасы үйде болмаған. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», деді департамент бастығы Ернұр Өтегенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, 30-35 пайыз күйік жарақатын алған ер адамның жағдайы ауыр.
Еске сала кетейік , бұдан бұрын Оралда Франфурттан ұшып келген 60-тан астам жолаушы эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).