ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал» магистралды газ құбырлары басқармасының 7 қызметкерінен коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы орынбасарының қаулысына сәйкес офисте дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, мамандар қашықтан жұмыс жасауға жіберілді.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, індет табылған адамдармен қарым-қатынаста болғандар үй карантинінде оқшауланып, медициналық бақылауға алынды.
«Күні бүгін облыс бойынша 1 мектеп карантинде. Оған қоса 24 мектепте 64 сынып инкубациялық кезең аяқталғанға дейін қашықтан оқуды жалғастырады. Мектепке дейінгі мекемелер бойынша бес балабақшаның 5 тобы карантинге жабылды, соның төртеуі Орал қаласында», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында шектеу шаралары жеңілдегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).