Оралда газ жабдығы орнатылған көлік өртенді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Мазда» автокөлігі отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқыс оқиға 27 наурыз күні сағат 15.51-де С.Тюленин көшесіндегі 52 үйде болған.

1982 жылғы әйелге тиесілі автокөлік өртенді. Оны сөндіруге 10 адам, 2 техника жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 16.26-да ауыздықталды.

Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, газ жабдығы орнатылған автокөлік жөндеу жұмыстары кезінде жанған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автокөлік соқтығысып, жол апатынан төрт адамның жарақат алғанын жазған болатынбыз.