ОРАЛ. ҚазАқпарат - 18 қараша күні сағат 09.58 шамасында Оралға қарасты Зачаган кентінде газ-ауа қоспасының жарылысы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Табын Бөкенбай батыр көшесі, 3-үйде болды. Жарылыс салдарынан тұрғын үй мансардасының фронтоны опырылып құлаған.
85 пайыз денесін күйік шалған аяғы ауыр 1980 жылғы әйел облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Денесінің 3-5 пайыз бөлігі күйген 1976 жылы туған ер адам мен табиғи газбен орта дәрежеде уланған 1955 жылғы әйел қалалық көпбейінді ауруханаға түсті. Сондай-ақ осы үйден үш бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Саламат Ералиннің айтуынша, қазір облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан жүкті әйелдің жағдайы ауыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).