ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Орал қаласындағы тұрғын үйде газ жарылысынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, 17 желтоқсан күні сағат 13.47-де Достық даңғылы бойындағы бес қабатты 162-үйдің №1 пәтерінде сыйымдылығы 220 грамм газ-ауа қоспасы жарылған. Соның салдарынан сол пәтердің есік-терезелері жұлынған. №2 пәтердің кіреберіс есігіне де зақым келген.
Күйік жарақатын алған 1986 жылғы ер және 1992 жылғы әйел адам ауруханаға жатқызылды.
Оқиға орнына жеке құрамнан 11 адам, 3 техника барды.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, биылғы 18 қараша күні Оралға қарасты Зачаган кентінде тұрғын үйдегі газ жарылысынан 37 жасар Әселім Нығметова 85 пайыз күйік жарақатын алған болатын. Ол бүгінде Самара қаласындағы Н.Пирогов атындағы №1 қалалық клиникалық аурухананың №11 күйік жарақаты бөлімшесінде емін жалғастыруда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).