ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда гранатаға ұқсас зат табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін шамамен сағат 10.55-те орын алды.
«Жайық Таза Қала» ЖШС қызметкері Ә.Әйтиев пен Л.Толстой көшелерінің қиылысында аумақты тазалау кезінде қоқыс контейнерінің қасынан гранатаға ұқсас зат тауып алғанын хабарлаған.
Ақпарат түскен бойда оқиға орнына облыстық полиция департаменті мен Орал қаласы полиция басқармасының басшылығы, жедел тергеу тобы, саперлер және басқа мүдделі қызметтер дереу жетті.
Барлық қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, табылған зат қауіпсіз жерге шығарылды. Оны жару және техникалық сараптама жасау мәселесі шешілуде.
Саперлер аталған аумақты қарап шықты, басқа күдікті зат табылған жоқ.
фото: mgorod.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).