Орал қаласының прокуратурасы қалалық жұмыспен қамту орталығын тексеру барысында «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Орал қаласы прокурорының орынбасары Алмас Оңаевтың мәлім еткеніндей, гранттың 14 қатысушысы ақшаны мақсатты пайдалануды растау үшін бұрын союға жіберілген, туыстарына тіркелген үй жануарларын сатып алу, ұсақ малды сатып алу туралы жалған құжаттарды, тауарлық чектерді ұсынған.
Осылайша, бизнес-жоба үшін грант алған адамдардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмағаны анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесі бойынша сот тәртібімен 8 қатысушыдан 5,1 млн теңге мөлшерінде соманы өндіріп алу туралы талаптар қанағаттандырылды. Солардың екеуімен 2,4 млн теңгені қайтару туралы бітімгершілік келісім жасалды. Тағы төрт адам берілген гранттардың сомасын мемлекеттік бюджетке ерікті түрде өтеп жатыр. Күні бүгін 6 тұлға мемлекеттік бюджетке құны 4 млн теңгеден астам сома болатын, іске асырылмаған грантты қайтарды», - деді А.Оңаев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).