Отан мен Заңға адал қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған көрнекті тұлғаны соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев арнайы келді. Рәсімге сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жұртшылық, марқұмның туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың атынан Иван Степановичтің отбасы мен жақындарына көңіл айту сөздері жеткізілді. Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Ғалымжан Қойгелдиев Иван Степановичтің есімі отандық прокуратура тарихында ерлік пен мемлекетке адал қызмет етудің, өз ісіне шексіз берілгендіктің символы ретінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
Соғыс жылдары Иван Степанович үшін үлкен сынақ кезеңі болды. Ол Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысып, ерекше батылдық, қайсарлық және ерлік танытты. Майданда Отанын қорғағаннан кейін бейбіт өмірде де елге қызмет етуді жалғастырды. Оның өмір жолындағы ерекше белестердің бірі — Мәскеуде өткен Жеңістің екі тарихи шеруіне: 1945 жылғы 24 маусымдағы және 2010 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс шерулеріне қатысуы болды.
Иван Степанович прокуратура органдарындағы көпжылдық қызметінде жоғары кәсібилігімен, принципшілдігімен және мінсіз адалдығымен әріптестерінің зор құрметіне ие болды. Ол Қарағанды қаласының Сталин ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры қызметтерін атқарды, сондай-ақ республика прокуратурасының орталық аппаратында аса маңызды істер жөніндегі тергеуші болып жұмыс істеді. 1966 жылы Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, осы қызметте жиырма жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шығып, қызметін аяқтады.
Оның көпжылдық қызметі заңдылық пен әділеттілікті нығайтуға елеулі үлес қосты, ал өнегелі өмір жолы прокуратура қызметкерлерінің бірнеше буынына үлгі болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Жеңістің екі тарихи шеруінің қатысушысы, прокурор әрі «Халық Қаһарманы» Иван Степанович Гапичтің жарқын бейнесі туған-туыстарының, әріптестерінің және оны тану бақыты бұйырған барша жанның жүрегінде мәңгі сақталады.
Айта кетелік Халық қаһарманы, соғыс және еңбек ардагері Иван Гапич 104 жасқа қараған шағында өмірден озған еді. Мемлекет басшысы Халық қаһарманы Иван Гапичтің туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.