Оралда халықаралық Олимпиада күні кеңінен аталып өтілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында халықаралық олимпиада күніне орай веложорық және басқа спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Велосипедшілер шаһардағы теннис кешенінен П.Атоян атындағы стадионға дейінгі аралықты (тоғыз шақырым) қатар түзеп, жүріп өтті.

Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, игі дәстүрге айналған веложорыққа қатысушылар саны жыл санап көбейіп келеді. Олардың ішінде кәсіби спортшылармен қатар жас та, кәрі де бар. Қалың бұқараны спортқа тартып, салауатты өмір салтын орнықтыруда мұндай шаралардың маңызы зор. Оның үстіне Астана, Алматы, Шымкент және Орал қалаларында бірдей уақытта өткізілген велошеру Қазақстанның 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу жөніндегі өтінімін қолдауға арналды.

Алматы халықаралық спорт жобалары дирекциясының өкілі Қайрат Сейтековтің айтуынша, Олимпиада күні алғашқы рет 1948 жылы мерекеленген. Қазақстанда жиырма екі жыл бойы тойланып келеді. Қазіргі кезде бұл мейрам әлемнің 200-ден астам елінде аталып өтіледі. Айта кету керек, 2022 жылғы ХХІV қысқы олимпиада және ХІІІ паралимпиадалық ойындарды өткізуге қазіргі кезде үміткер ретінде Алматы мен Бейжің ғана қалды. Аталмыш дүниежүзілік дода өтетін жер халықаралық олимпиада комитетінің Куала-Лумпур қаласында 31 шілде күнгі сессиясында анықталады.

Веложорық қорытындысы бойынша алты жасар Роман Ритер «ең жас қатысушы», 75 жастағы Олег Попов «ең жасы үлкен қатысушы», «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкері Айнұр Бергембаева «ең нәзік жанды қатысушы», танымал кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов «ең креативті қатысушы» атанып, арнайы жүлделермен марапатталды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің сөзіне қарағанда, веложорыққа мыңға жуық адам қатысты.

П.Атоян атындағы стадиондағы салтанатты шара стритбол, гольф, үстел теннисі, арқан тарту, гір тасын көтеру, армрестлинг және басқа спорт түрлерінен өткен жарыстарға ұласты.