Жиында белгілі болғанындай, үш жыл ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі бойынша кешен жұмыс жасай бастамақшы. Сондай-ақ таяудағы екі жылда облыс орталығында қазіргі заманғы бизнес орталығы бар халықаралық деңгейдегі қонақүй кешені салынбақшы.
Отырыста финляндиялық «Green Servise Company» ЖШС Baltic trade house басқарма мүшесі Калвер Каппер тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жөнінде әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, Финляндияда тұрмыстық қалдықтың 98 пайызы өңделеді. Сондықтан қайта өңдеу кешенінің жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрмыстық қалдықтарды кейде басқа елдерден сатып алуға тура келеді. Оралдағы кешен құрылысына 4,5 млн астам еуро салынбақшы.
«Green Servise Company» компаниясы мұндай жобаларды Ресейдің Омбы, Санкт-Петербор, Новосібір қалаларында жүзеге асырған. Қазақстанда алғаш Оралдан бастағалы отыр.
Облыс басшысы бұл тұрмыстық қалдықтарды пайдаға асыру бағытындағы жаңа тәсіл екендігін атап өтіп, финдермен бірге түрлі салада бірнеше ірі жоба қолға алынғанын, сондықтан оларда жұмыстың қалай жолға қойылғанын көзбен көріп қайту үшін осы елге сапар ұйымдастыру көзделіп отырғанын жеткізді.
Халықаралық деңгейдегі қонақүй кешені жобасымен "GRAND HOTEL Service" ЖШС директоры Жақсылық Саматов таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, жаңа мейрамхана Құрманғазы көшесі 84-мекенжайында, бұрынғы «Ақжайық» қонақүйінің орнында бой көтермекші. Мұнда қонақүй кешені 8200 шаршы метрге орналасса, қазіргі заманғы бизнес орталығы аумағы 4200 шаршы метр болмақ.
Қонақүй кешені құрылысы кезінде 300 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал құрылыс біткеннен кейін 200-дей жұмыс қолы керек болады. Ғимаратты салған кезде отандық құрылыс материалдарын пайдалану көзделуде. Сол секілді 8 қабатты бизнес орталығы халықаралық талаптарға сәйкес болмақ.
Қонақүй құрылысына 12 млн АҚШ долларын тарту жоспарлануда.