ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ірі көлемде алаяқтық жасаған өзбекстандық азамат тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1993 жылғы Муродулло Юлдашев орман ағаштарын жеткізіп беремін деп, бірнеше тұрғынды сан соқтырған.
Өзбекстандық азамат олардың 50 мың теңгеден бастап 1,8 млн теңгеге дейін ақшасын жымқырып кеткен.
Аталған дерек бойынша Орал қалалық ішкі істер басқармасының Зачаган полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде.
Орал қалалық сотынан мәлім еткендей, судья Р. Исмаилова М. Юлдашевқа қатысты ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес («Ірі көлемде жасалған алаяқтық») екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Айта кетейік, аталған бап бойынша қылмысы дәлелденген жағдайда М. Юлдашевтің мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).