ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда із-түзсіз кеткен 39 жастағы ер адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ерлан Сариев Орал қаласындағы Ғ. Құрманғалиев көшесі, 1/3-үйде тіркелген.
Ресейде тұратын анасының сөзіне қарағанда, баласымен желтоқсан айында хабар үзілген. Ұялы телефоны ажыратылған. Сол себепті, анасы 8 қаңтар күні полицияға жүгініп, іздеу салды.
«Белгілері – азиат пішіндес, бойы шамамен 170-175 см, шашы қысқа қиылған. Е. Сариевті көрген-білген жандар болса, Орал қаласы Гагарин көшесі, 2/5-мекенжайында орналасқан қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне немесе 8 (7112) 92-17-26, 8-708-767-13-76 телефондарына хабарласу сұралады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жоғалып кеткен 30 жастағы жігіттің бір айдан бері табылмай жатқанын жазған болатынбыз. Оның денесі 11 қаңтарда тоғайда асулы тұрған күйінде табылды.
Фото: БҚО полиция департаменті
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).