Оралда кадр мәселесіне арналған жиын болды

ОРАЛ. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес кеше облыстық мәслихаттың кіші залында өңірдегі жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарының және аумақтық басқармалар мен департаменттерінің бірінші басшыларының қатысуымен кадр мәселесіне арналған жиын болды.

Жиналысты басқарма бастығы Әкімгерей Серғалин ашып, кадрларды іріктеуде орын алатын рушылдық, жершілдік, қызметкерлердің алмасуы, мемлекеттік тәртіптің сақталуы мәселелері төңірегінде ауқымды баяндама жасады. Сонымен қатар басқарма бастығы мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы Заң мен заңнамаға енгізілгелі жатырған өзгерістер мен толықтырулар жайында толық түсінік берді. Жиналыста облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Серік Тұрсынов, облыс әкімі аппаратының басшысы Амангелді Дәулетжанов және басқа қатысушылар сөз сөйлеп, пікір алмасты.