Оралда қала әкімінің атынан жалған хабарлама тарады

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің атынан жалған хабарлама тарады.

Коллаж Kazinform/StopFake

Қала басшысы М.Байменовтің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, белгісіз тұлғалар WhatsApp мессенджерінде оның атынан кей адамдарға хабарламалар жіберіп жатыр. 

Алаяқтар онда әкімге тиесілі емес нөмірді көрсеткен.

«Бұл хабарламалардың жалған екенін мәлімдеймін. Көрсетілген нөмір маған тиесілі емес. Жіберілген хабарламаларға сенбеуіңізді және көрсетілген сілтемелер бойынша өтпеуіңізді сұраймын», - деп жазды қала әкімі.

Мұндай жағдай БҚО-да алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын алаяқтардың БҚО әкімінің атынан жалған хабарлама таратқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда мектеп-балабақша басшыларына ҰҚК атынан жалған хабарлама келген.