ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қалалық соттың судьясы жұмыс орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 10 наурыз күні таңмен болды.
«Жедел жәрдем сағат 09.48-де шақырылды. Қалалық сотта жұмыс орнында 1968 жылғы ер адам аяқ астынан жайсыз сезінген. Жедел жәрдемді шақырған адамның сөзіне қарағанда, судья қорылдап, ес-түссіз құлаған. Марқұмның жүрегі тоқтап қалған, жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болып кеткен», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция болған оқиғаны растап, ер адамның кенеттен дүниеден озғанын жеткізді.
Айта кетейік, кеше Түркістан облысының прокуроры Марат Әлиханов жұмыс орнында қайтыс болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).