Оралда қаланың бас жоспарына қатысты шу шықты: әкім орынбасарына сөгіс берілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында бас жоспарды түзету жобасына қатысты шыққан шуға орай тиісті шара қолданылды. 

Фото: senate.parlam.kz

Kazinform бұдан бұрын жазғанындай, қоғамдық тыңдалым кезінде әкімдік сайтында жүктелген жобалық материалдарда Орал емес, көбінесе Қарағанды мен Семей қалаларының деректері жарияланып кеткені айтылған еді.

Қала тұрғыны Данил Макатуханың мәлім еткеніндей, барлық есеп Оралға еш қатысы жоқ деректер негізінде жасалған. Сондай-ақ аталған бас жоспар жобасы үшін жобалаушы мекемеге 250 млн теңге төленгені белгілі болды.

Орал қаласы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, сол кездегі жауапты архитектура маманы қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Сондықтан оған тәртіптік шара қолдану мүмкін болмады.

— Сөгіс Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловке берілді, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бас жоспарды түзету жобасына қатысты шу шыққанын жазған едік.