ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның демеушілігімен ашылған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің айтуынша, бұл – мүмкіндігі шектеулі, ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін жасалып отырған үлкен қамқорлық.
Мұнда жаңа туған сәбиден бастап 18 жасқа дейінгі балаларды емдеуге мүмкіндік бар. «Қамқорлық» орталығында отызға жуық маман жұмыс істейді, олардың бәрі де Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық клиникаларда біліктіліктерін көтеріп келді. Болашақта тәжірибе жинақтай отырып, осындай орталықтарды аудандарда ашу көзделуде.
«Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Жадыра Сәрсенғазиеваның сөзіне қарағанда, емделушілерге қолайлы болуы үшін орталық бірінші қабатта орын тепкен. Жалпы ауданы – 590 шаршы метр.
Орталықта мүгедек, тірек-қимыл қозғалысында, туабітті жүрек ақауы бар, жүйке жүйесі сырқатына шалдыққан балалар емделеді. «Қамқорлық» орталығы «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауымен Канада, АҚШ, Германия және Ресейде шығарылған заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Оның жалпы құны – 175 млн теңге.
«Орталықта айына 50, жылына 600 бала оңалтудан өте алады. Емдеу курсы – 21 күн. Олар үшін тренажерлер ғана емес, сондай-ақ тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, ойын залы әзірленген. Ал аудандардан келген балаларға стационар тәулік бойы қызмет етеді. Тілек білдірушілер жатқызу порталы арқылы өтінім береді. Облыста оңалтуды қажет ететін 2700-ден астам бала бар. Олар осыған дейін жеке клиникаларда емделіп келсе, енді міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көмек ала алады», деді Ж.Сәрсенғазиева.