ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қантқа таласқан жұрттың көрінісі әлеуметтік желі арқылы тарап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, оқиға 28 мамыр күні таңертең Зачаган кентіндегі М.Мөңкеұлы көшесінде орналасқан «Алтындар» супермаркетінде болды.
Олардың сөзіне қарағанда, аталған супермаркетте мұндай жағдай күн сайын қайталанып отырады.
БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязовтың түсіндіруінше, «Алтындарда» қанттың әр килосы 370 теңгеден арзанға сатылып жатқандықтан, осындай жағдай орын алуда.
«Басқа сауда орындарында ондай сабылыс жоқ. Мысалы, «Дина» супермаркетінде қанттың әр килосы 442 теңгеден емін-еркін сатылуда», - деді Ж.Батырниязов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бірқаттар азық-түлік бағаларының бағасы өскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).