ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қарақшылар тал түсте несие беретін кассир әйелді тонап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 1 маусым күні С.Тюленин көшесі бойында болды.
Сағат 13.20-да көпқабатты үйдің астында орналасқан шағын несие пунктіне жасы 20-25-тердегі белгісіз екеудің басып кіріп, тонап кеткені жөнінде 102 телефонына қоңырау шалынған.
Қарақшылар пышаққа ұқсас затпен қорқытып, кассир әйелдің 60 мың теңгесін ашықтан-ашық тартып алып, тайып тұрған.
Дегенмен 10 минуттан кейін Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері А.Шулимов пен А.Бақытжанов күдіктінің бірін қолға түсірді. Ол Атырау қаласының 1996 жылғы тұрғыны болып шықты. Одан заттай айғақтар мен пышақ тәркіленді.
Көп ұзамай екінші күдікті де ұсталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлігіне (қарақшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кішкентай баланың 5-қабаттан құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).