Оралда каратэден халықаралық жарыста жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы теннис орталығында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған каратэ WKF-тен жасөспірімдер, кадеттер, жастар және ересектер арасында «AQJAIYQ OPEN» IХ халықаралық турнирі мәресіне жетті.
Аталған турнирге Қазақстан облыстары мен қалаларынан, сондай-ақ көршілес Ресей елінен 850-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
Каратэден БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Ринат Мерғалиевтің айтуынша, жалпыкомандалық есепте 15 алтын, 17 күміс, 24 қола медальмен Маңғыстау облысының спортшылары топ жарды.
Жамбыл облысы құрамасы (10 алтын, 3 күміс, 9 қола) екінші орынға ие болса, батысқазақстандық каратэшілер (8 алтын, 5 күміс, 13 қола) үздік үштікті түйіндеді.
Алматы қаласы (8 алтын, 5 күміс, 3 қола) төртінші орынға табан тіресе, Шымкент (5 алтын, 9 күміс, 9 қола) бесінші, Астана (4 алтын, 3 күміс, 10 қола) алтыншы сатыға орнықты.
«Бәсекелестік деңгейі жоғары болған турнир қорытындысында әлем және Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын каратэшілер анықталды»,-деді Р.Мерғалиев.