Оралда каратэден Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған X халықаралық «Akzhaiyk Open» WKF турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері анықталып жатыр.
Халықаралық деңгейдегі айтулы додаға Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей Федерациясының Башқұртстан, Татарстан Республикаларынан, Қазақстанның барлық өңірлерінен 1 мыңға жуық спортшы жиналды.
Бұл турнир спорттық маңызымен қатар батысқазақстандық батыр қыз — Мәншүк Мәметованы еске алу арқылы жас буынға патриоттық тәрбие беруді, достық пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Жарыс барысында БҚО намысын қорғаған Әлішер Тайжан (+84 кг) чемпион атанса, Әлішер Жәдігеров (-55 кг) пен Дархан Темірәлиев (-60 кг) күміс жүлдеге ие болды.
Бүгін және ертең жасөспірімдер мен кадеттер арасында кумитэ және ката бағдарламалары бойынша мықтылар анықталады.
Каратэден БҚО-ның аға жаттықтырушысы Ринат Мерғалиевтің айтуынша, биылғы қыркүйек айында Қытайда жастар мен кадеттер арасында Азия чемпионаты өтеді.
- Осы жарыстың қорытындысы бойынша ел намысын қорғайтын спортшылар іріктеледі. Биылғы бір ерекшелік, жеңімпаз-жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы берілуде, - деді Р.Мерғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда каратэден Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған халықаралық турнир өтетінін жазған едік.