ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы прокуратурасы «Questra World» қаржылық пирамида құру дерегін анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жергілікті тұрғындардың қаржылық сауаты төмендігін пайдалана отырып, бірқатар компаниялар қазақстандықтарды қаржылық пирамидаға тарту ісін белсенді жүргізуде.
Соңғы кезде БАҚ-та «Questra Holdings Inc.» атты қаржылық пирамида жиі талқылануда. Тексеру барысында Оралдағы сауда орталықтарының бірінде «Questra World» компаниясының мекенжайы орын тепкені белгілі болды. Жиналған деректер қылмыстық белгілер бар екендігін көрсетті. Осыған байланысты прокуратураның ұсынысына сәйкес Орал қалалық ішкі істер басқармасы ҚР ҚК 190-бабы 1-бөліміне сәйкес (алаяқтық) қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).