Оралда кәсіпкер жер телімін 16 млн теңгеге сатып алды

Фото: None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда бес жер телімі аукционға шығарылып, соның төртеуі сатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Круглоозерный мен Деркөл кенттерінен екі-екіден және Орал қаласының Ескі әуежай ауданынан бір жер телімін коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін үш жылға жалдау құқығын сатып алуға барлығы 29 адам өтініш түсіріп, соның 21-і аукционда бақ сынады.
 

Орал қаласы әкімдігінде ағылшын тәсілімен өткен аукцион кезінде алдымен Круглоозерный кентіндегі жер теліміне екі кәсіпкер қызығушылық білдіріп, соның біреуі 78 мың теңгеге (бастапқы бағасы - 48 мың теңге) сатып алды. Екінші лот бойынша бір ғана кәсіпкер қатысқандықтан, ол өтпеді деп саналып, келесі жылға қалдырылды.

Деркөл кентіндегі 4 сотық жер телімін (бастапқы бағасы - 53 мың теңге) сатып алуға сегіз адам қатысып, «РКЗ групп» ЖШС өкілі Ринат Қадырғалиевтің аты озды. Жер телімін 2,525 млн теңгеге сатып алған оның сөзіне қарағанда, мұндай ашық аукциондар қатысушыларға тең мүмкіндік береді. Деркөлдегі тағы бір осындай көлемдегі, төрт адам қатысқан жер телімі 53 мыңнан 1,8 млн теңгеге дейін көтерілді.

Ең қызу өткені Ескі әуежай ауданындағы 20 сотық жер телімі (бастапқы құны - 330 мың теңге) болды. Оған 14 адам қатысып, қорытындысында жер телімін оралдық кәсіпкер 16 млн теңгеге сатып алды.

Айта кетейік, бұл - осымен Оралда өткен екінші аукцион. Келесі аукцион алдағы жылдың басында ұйымдастырылмақ. Егер сатып алушылар жер телімін үш жыл мақсатты түрде пайдаланбаған жағдайда ҚР Жер кодексінің 92 және 94-баптарына сәйкес кері қайтарылады. Жалға алу құқығының үш жылдық мерзімі біткен соң кәсіпкер жер телімінің кадастрлық құнын қоса төлеп, өз меншігіне аудара алады.

 

Соңғы жаңалықтар