ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында кәсіпкерді өлтірген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің брифингте мәлім еткеніндей, күдіктілер бүгін шамамен 10.30-да «Көктем» саяжайында тығылып жатқан жерінен қолға түсті.
«1991 және 2001 жылғы күдіктілер қашуға тырысқанымен, полицейлерден құтылған жоқ. Қылмыс орын алғаннан бері облыс бойынша кең көлемде іздестіру жұмыстары жүргізілді. Оған Ұлттық ұлан жауынгерлері де тартылды. Қазіргі кезде аталған қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес қайта сараланды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыстық іс ҚР Ішкі істер министрлігінің бақылауында», деді Ж.Жаншин.
Еске сала кетейік, бұдан Оралда бірнеше жерден пышақ жарақатын алған ер адамның мүрдесі табылғанын, күдіктілерге іздеу жарияланғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралда кәсіпкердің өліміне байланысты жаңа деректер анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).