ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірген сотталушының бірі апелляциялық сотқа жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұрлан Амангелді мен оның адвокаты алқабилер кесімімен келіспей, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына шағым түсірді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, апелляциялық сатыдағы іс 31 мамыр күнгі сағат 10.00-ге белгіленді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәсіпкерді өлтірген күдіктілердің ұсталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралда кәсіпкерді өлтірген тұрғындар 15 жылға сотталды.
Алқабилердің кесімі негізінде Руслан Қожантаев пен Т.Амангелді ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5-7-тармақтарына (аса қатыгездiкпен, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам болып кісі өлтiру) сәйкес айыпты деп танылып, әрқайсысы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).