ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кәсіпкердің өліміне байланысты жаңа деректер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлімет еткеніндей, куәгерлер сөзіне қарағанда, кәсіпкерді өлтіруге төленбеген жалақы негізгі себеп болған.
Департамент мәліметі бойынша күдікті уәһабшылдық немесе басқа деструктивті діни ағым бағытын ұстанған, сондай-ақ радикалдық идеяны таратқан деген деректер істе жоқ.
«Қазіргі кезде күдіктілерді ұстауға облыстың барлық полицейлері жұмылдырылған. Облыстың барлық аумағында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар көршілес облыстар, соның ішінде Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына да деректер жіберілді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бірнеше жерден пышақ жарақатын алған ер адамның мүрдесі табылғанын, кәсіпкерді өлтірген күдіктілерге іздеу жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).