Бірнеше күнге созылған кубок сайысына Қазақстанның төрт облысынан сексендей жас ескекші қатысып, бақ сынады.
Жарыс қорытындысында 200 метрлік қашықтықта байдаркадан оралдық Даниил Соколов мәреге бірінші жетсе, атыраулық Вячеслав Кириленко мен тағы бір батысқазақстандық Борис Альхов екінші-үшінші орындарды бөлісті. Қыздардан оралдықтар, апалы-сіңлілі Ділнәз бен Диана Алмағамбеттер алғашқы екі орынға ие болса, Алматы облысынан келген Дарья Кляйн қола жүлдені қанағат тұтты.
Каноэдан осы қашықтықта Алматы облысының өкілдері Владимир Волков пен Василий Дутов және қызылордалық Диас Бахраддин жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қыздардан оралдық Мария Бровкова, Алматы облысынан Ольга Усова, қызылордалық Сайра Орақбаева үздік үштікке ілікті.
200 метрге байдаркамен жұптасып жарысудан атыраулықтар Никита Бакиров пен Вячеслав Кириленко озды. Каноэдан Алматы облысынан Владимир Волков пен Василий Дутов алдына жан салмады. Қыздардан жұптық сында байдаркадан Ділнәз бен Диана Алмағамбеттер алтыннан алқа тақса, каноэдан оралдықтар Мария Бровкова мен Ксения Пережогина озды.
Эстафеталық жарыста байдаркадан оралдықтар Борис Альхов, Даниил Соколов, Сергей Бакалдин, Ратмир Ахмедшин, қыздардан Ділнәз, Диана Алмағамбеттер, Аяулым Жанболат, Антонина Казанина, каноэдан Алматы облысынан келген Вадим Грибанов, Владимир Волков, Василий Дутов, Андрей Баскаков төрттігі чемпион атанды.
№1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Тұяқовтың айтуынша, жарыстың басты ерекшелігі, мұнда бірінші-екінші орынды алғандар спорт шебері атана алады. Батыс Қазақстаннан бес бірдей жас ескекші осы атаққа қол созып отыр. Бұл ретте Виталий Астафьев, Елена Бровкова сынды жаттықтырушылардың еңбегі зор. Сонымен қатар, Антонина Казанина, Ділнәз бен Диана Алмағамбеттердің биылдан бастап Астана қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа алынып, сонда оқитыны олардың өз шеберліктерін жетілдіре түсуіне мүмкіндік береді.