ОРАЛ. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері арасында байқау өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында ұйымдастырылған сайысқа департаментке қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Қазақтың ұлттық киімін киіп, мемлекеттік тілде бақ сынасқандар арасынан «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесінің қызметкері Андрей Богдашкиннің мерейі үстем болды. Департамент қызметкері Николай Сламихин - екінші, судан құтқару қызметінің өкілі Олег Никифоров үшінші орынды еншіледі.
Енді А.Богдашкин Астанада қыркүйектің 18-інде Төтенше жағдай министрлігі қызметкерлері арасында өтетін республикалық байқауға қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).