Биылғы наурызда Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция тарту бағытында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ құрылғаны белгілі. Аталмыш компания шет елде өз өкілдіктері бар, елімізге инвестиция тарту саласындағы уәкілетті орган болып табылады. Ол ұлттық оператор ретінде инвестициялық жобалардың болашағы мен жүзеге асыру жолдарын талқылаған кезде Үкімет мүддесін қорғайды.
Біржан Қанешевтің айтуынша, инвестицияны елде ұстап қалу - Елбасының басты тапсырмасы. Қазір әлемде 2 трлн. доллар айналымда жүрсе, оны елімізге тарту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл ретте бәсекелестік те жоғары. Оған «KAZAKH INVEST» секілді 500-дей компания қатысады. Халықаралық статистикаға қарағанда, жаңа инвесторды тарту үш есеге қымбат түседі. Сондықтан бұрыннан бар инвесторлармен жұмыс жасап, жобаларды кеңейтіп, жаңа бағыттарын іздестіру маңызды.
Аймақтарда инвестиция тарту жұмысын өрістету мақсатында «KAZAKH INVEST» компаниясы өңірлерде өкілдіктерін ашуда. Батыс Қазақстан облысында Азамат Бисенов өңірлік директор болып, Әзербай Үмбетәлиев оның орынбасары болып бекітілді. А.Бисенов сонымен қатар облыс әкімінің инвестиция тарту жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарады.