Оралда қазақстандық және ресейлік ғалымдардың қатысуымен «Еуразиялық өзен аралығы: Ғылым. Білім. Тәжірибе» атты халықаралық конгресс өткізілді
ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, Еуразиялық іскерлік кеңесі, Ресей тауар өндірушілері одағы, Самара және БҚ облыстары әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылған конгресте облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің атап өткеніндей, Батыс Қазақстан облысында білім, ғылым саласындағы халықаралық жобаларға қолдау көрсетіледі. ҚР Ұлттық инженерлік академиясының БҚО филиалы, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті аймақтық білім және ғылым саласындағы инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Облыс әкімдігі Ресейдің іргелес облыстарымен ғылым мен білім саласындағы ықпалдастықты дамытуға жіті көңіл бөліп келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Ресей Федерациясының шекаралас көрші облыстарына сапары барысында қабылданған меморандумдарда осы салаларда әріптестікті дамыту мәселелері ескерілген. Форум іскерлік әріптестікті дамытуға, халықаралық байланысты нығайтуға игі әсерін тигізеді.
ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, осы академияның академигі, профессор, «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» ғылым-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, аталмыш халықаралық жоба бұдан үш жыл бұрын қолға алынды. Бастапқыда халықаралық байланысты нығайту, соның ішінде көршілес Самара губерниясында орналасқан академиялық әріптестермен қарым-қатынас орнатып, олардың ғылыми-білім кешенінде жоспарланған шаралармен ұштастыру мақсатында құрылған қоғамдық қозғалыс уақыт өте келе өңірдегі ғылым мен білімнің дамуына ықпалын тигізе бастады.
-Жоба Орал мен Самара қалалары арасындағы шекаралық серіктестік және академиялық ұтқырлықтың дамуына әсер етті. Біздің оқу орны базасында соңғы екі жыл ішінде ғылыми-инновациялық және ұйымдастыру шаралары «Еуразиялық өзен аралығы» бағдарламасы халықаралық жобасының шеңберінде өтті. Бағдарлама өзінің өміршеңдігін, Елбасы Жолдауларында және ҚР Үкіметі қаулыларында, сондай-ақ облыс басшылығы тапсырмаларында көрініс тапқан халықаралық ғылыми әріптестік саласындағы маңызды міндеттерді орындауда келешегі кемел екендігін дәлелдеді,- деді Ақсерік Сарыұлы.
Бірлескен халықаралық жоба жүйелі дамып, жыл санап Ресейдің өзге аймақтарын «бауырына тартып», құлашын кеңге жая бастады. Соның көрінісіндей, кезекті ІІІ конгресс өзінің масштабы мен жағырапиялық ауқымы, күн тәртібіндегі қаралатын мәселелері бойынша бұрынғыларға қарағанда өзгешелеу форматта өтті. Халықаралық бұл форум аталған университет және Орал қаласының тарихында тұңғыш рет Мәскеудегі беделді компаниялардың, соның ішінде Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Еуразиялық іскерлік кеңесінің, Ресейдің тауарөндірушілер одағының және Ресейдің инженерлік академиясының қатысуымен бірлескен түрде өткізілді. Өйткені «Еуразиялық өзен аралығы» халықаралық бағдарламасының бүгінде қанаты қатайып, тек Самара қаласын ғана емес, Ресейдің Саратов, Волгоград, Орынбор, Астрахань, Уфа және Мәскеу секілді қалаларын қамтыған болашағы зор академиялық қарым-қатынастықтың жобасына айналған. Жиынға Еуразиялық іскерлік кеңестің үйлестіру кеңесінің төрағасы, Ресей тауарөндірушілер одағының президенті Олег Сосковец қатыса алмағанмен, Ресей тауарөндірушілер одағының ғылым мен білім комитетінің жетекшісі Николай Сорокиннен форумға қатысушыларға өзінің сәлем хатын жолдады. Онда ол форумның маңызына жоғары баға берген. «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының сыртқы байланыстар департаментінің директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚазИТЖУ-дың профессоры Саябек Сахиев «Инерциалды басқарылатын термоядролық синтез-энергетиканың балама көзі» тақырыбында баяндама жасады. Саратов мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Рустам Сүлеймановтың сөзіне қарағанда, бұл форум Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы еуразиялық ықпалдастық шеңберіндегі жаңа әріптестік болып табылады. Самара мемлекеттік университетінің ректоры Игорь Носков өз сөзінде Ресей мен Қазақстанның мемлекет басшыларының ықпалдастыққа мән беретініне, кедендік одақтың тиімділігіне тоқталып, кеңестік одақ күпісінен шыққан екі ел халқының бір-бірін өзгелерге қарағанда жақсы түсінісетінін, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында, Байқоңырға қатысты ортақ жобаларды ғылыми күштердің, білім ресурстарының көмегімен бірлесе жүзеге асыру мүмкіндігін әңгімеледі.
Екі күндік ғылыми форум барысында білім және ғылыми- инновациялық бағдарламалардың таныстырылымы өткізілді. Форумға қатысушылар аталмыш ғылым-білім кешеніндегі залға орын тепкен Самара мемлекеттік университетінің «Радуга» көшпелі көрмесіндегі фото және импрессионистердің шығармаларымен танысты. Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында «Еуразиялық өзен аралығы» халықаралық жобасыныңың биылғы жылға бірлескен жұмыс жоспары нақтыланды. «ҚазИТЖУ» ҒБК-де «Еуразиялық өзен аралығы» желілік университетінің конгресс орталығы Батыс Қазақстан кампусы салтанатты түрде ашылды.